«Салт-дәстүр –ұлттық тәрбие негізі»

«Салт-дәстүр –ұлттық тәрбие негізі»

«Елсана» руханият клубы мен «Жерұйық» қолөнер орталығының ұйымдастыруымен «Салт-дәстүр –ұлттық тәрбие негізі» деген бағыттағы жоба өз жұмысын бастады. 
Мақсаты: Ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерді бұзбай, мәнін кетірмей, салттар мен дәстүрлердің мағынасы мен мақсаттарына түсіне білу, ырым мен тыйымдардың мағынасын ашу. Салтымыз бен дәстүрімізді әр адам өз қалауынша жасамай бір ізділікке салу.

«Ел боламын десең бесігіңді түзе»- деп М.Әуезов айтқандай ұлт болып қалу бесік тәрбиесінен басталады. Бесік сонау ғұн заманынан белгілі болғандығы ғалым Әлкей Марғұланның еңбегінде де жазылған. Бесік -қасиетті мүлік, ол бір әулеттің ұрпағы өсіп жетілетін, киелі қазынасы болып қалуы керек. Қазақ халқының шаңырағындағы ең көп тойланатын «Бесік тойы» алғашқы қойылымнан көрініс тапты. Осы қуанышты шарада кішкентай сәбиіміз Мариям Әзілханқызы бесікке салынды. «Жерұйық» қолөнер орталығының шебері, сәбидің әжесі Майра мен атасы Нұрберген немерелерінің қуанышын қызықтап жоралғыларымен келіп, тыштырма ырымын жасап көпшілікке таратты.

Қойылым көрсетілместен бұрын бесікке салудың маңыздылығы, оған көрермендердің көзқарасы, ойлары мен пікірлері ортаға салынды. «Бесік жүрдек» ырымының дұрыс орындалуына мән берілу қажеттілігі, бесіктің сапасына көңіл бөлуге ұсыныстар айтылды. Ойда жүрген көптеген сұрақтарға жауап алынды.

Елсана ақсақалдары Ақмырза Батырхайырұлы, Абат Кенжеғалиұлы, Серік Жұбанұлы, Амангелді Айсаұлы ұлттық ерекшеліктеріміз туралы, бесіктің қасиеттері туралы жақсы ойларын жеткізді. Бесіктің қасиеті мен оның жасалу жолдары туралы еңбектеніп жүрген Қансұлу ханым көптеген зерттеулерінің нәтижелерімен бөлісті.

13-01-2019


Оставьте комментарий

Отзывы